2 баланы тастап кеткен әйел іздестірілуде
Атырауда 35 жастағы жұмыссыз әйел кәмелетке толмаған екі баласымен 2019 жылғы қазаннан бастап қаладағы Тельман көшесінде пәтер жалдап тұрған. Жақында ол 3 және 5 жастағы екі қызын пәтерге қараусыз тастап, кетіп қалған.
Бұл туралы полицияға азаматшаның Ақтау қаласында тұратын 18 жастағы үлкен қызы хабарлайды.
Анасы оған қоңырау шалып, осындағы кіші сіңлілеріне қарауды тапсырады. Арада күндер өткенмен балаларын іздеп келер анадан хабар болмаған. Оны таныйтындар, соңғы рет 5 қараша күні Дүтбаева көшесіндегі жалдамалы пәтерлердің бірінде көргенін айтады.
Тексеру кезінде, бұдан бұрын әйелдің «кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны, ал балалардың бейімдеу орталығына орналастырылғаны анықталды.
– Қазіргі уақытта екі қыз бала қайтадан бейімдеу орталығына орналастырылды, ал әйел адамға қатысты жинақталған құжаттар «ата-ана құқықтарын шектеу туралы» мәселені қарау үшін кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жіберілді, – деді Атырау қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Ерлан Биғамбаев.