600 орындық мектеп есігін ашты
Атырау қаласында Тәуелсіздік күні қарсаңында Самал ықшамауданындағы 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Атырау қаласындағы жаңадан пайдалануға берілген жалпы білім беретін №29 орта мектептің лентасын қиып, Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
– Еліміздің бас мерекесі қарсаңында қаламыз тағы бір білім беру ошағымен толықты. Бұдан былай 831 бала заманауи талапқа сай бой түзеген осы жаңа мектепте білім алады. Олар бұған дейін қаладағы басқа мектептерде оқып келді, – деді өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов.
Оның сөзінше, 1991 жылдан бері тек Атырау қаласының өзінде 23 мектеп салынған. Биыл қалада 2 мектеп ел игілігіне берілсе, 5 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жасалған. Оның үшеуінде жөндеу аяқталды.
Береке ықшамауданында 1 200 орындық, ал Дамбы ауылында 300 орындық жаңа мектеп салынып жатыр. Келер жылы Жаңаталап ауылында 300 орындық, Балауса ықшамауданында 600 орындық, Ақжар-2 ауылындағы 600 орындық мектеп пайдалануға беріледі. Қала мектептеріндегі орын тапшылығын шешу үшін бірқатар жұмыстар жасалуда. Атап айтқанда, 4 мектептің жанынан қосымша 120 орындық жапсаржай салынған. Ал ғимараты апатты жағдайдағы №1 М.Жұмабаев атындағы орта мектеп орнына алдағы уақытта 160 орындық жаңа ғимарат салу жоспарлануда екен.
Үш қабатты мектеп ғимаратында 200 орындық акт залы мен 130 орынға арналған асхана, жаңа үлгідегі психология кабинеті мен медициналық пункттер бар. Су жаңа білім ошағы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.