Атыраулық сәбилерге жиі қойылатын есімдер белгілі болды
Атырау қаласының тұрғындары дүниеге келген сәбиіне Ибраһим, Айша есімдерін жиі таңдайды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мәліметінше, биылғы жыл басынан бері 10 014 бала дүниеге келген.
– Ата-аналар ұлына елімізге кеңінен танымал тұлғалардың есімін беруді қалайды. Мәселен биыл 164 кішкентайға Ибраһим есімі берілсе, 136 ұлға Әлихан есімі берілген. Нұрислам есімі де танымал. Қазір осындай есімді алған 128 ұл бар. Сондай-ақ, 119 Ахмад есімі рәсімделді, – деп хабарлады қалалық бөлімнің мамандары.
Қыздарға қойылған есімдердің көшбасында Айша тұр. Бүгінде әлі 1 жасқа толмаған 226 Айша мен 225 Раяна бар. Сонымен бірге, 221 Айлин мен 195 Медина өсіп келеді.