Пробация есебіндегі сотталушылар жеке кәсіппен айналысуда
Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметі есебіндегі 5 сотталушы «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасының курсын аяқтап, жеке кәсібімен айналысуда.
Мәселен ұрлық, тонау және алаяқтық бабымен сотталған 3 жас жігіт бизнес-идеясын жүзеге асыру үшін мемлекеттен 555 мың теңгенің грантын ұтып алған. Олар бұл қаржыны жеке кәсібін ашуға жұмсамақ.
– Қазір Атырау қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған тағы бір сотталушы көлік жуу орталығын ашып, кәсібін дөңгелетуде. Ал Индер аудандық пробация қызметінің есебіндегі сотталған азамат аудан орталығынан фаст-фуд дүңгіршегін ашты, – деп хабарлайды Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі.
Атырау қалалық және аудандық пробация қызметімен сотталғандар арасында жеке бизнестерін ашуға арналған семинар-тренингтер өткізілуде. Сотталушыларға әлеуметтік-құқықтық көмектер көрсетіліп отыр.