Атыраулық еріктілер марапатталды

Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен онлайн түрде қорытындыланған Волонтер жылының ресми жабылу салтанаты шеңберінде атыраулық бір топ ерікті марапатталды.

Шара аясында еріктілердің жыл басынан бері атқарған жұмыстары екшеліп, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барлық волонтерлерге ризашылығын білдірді.


Президент құттықтауынан соң, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева құрметті наградаларды онлайн форматта табыс етті. Атырау өңірінен «Корпоративтік волонтер лидері» номинациясына Алмагүл Шакимова, «Қоршаған ортаны сақтау мен қорғауға қосқан үлесі үшін» номинациясына Арман Хайруллин, «Әлеуметтік мәселелерді шешуге қосқан үлесі үшін» номинациясына Гүлназ Қосмурзиева, «Жыл меценаты» номинациясына Марат Өмірзақов ие болып, «Жылдың үздік ұйымы» номинациясына «Норд-Каспиан Оперейтинг компани Н.В» компаниясы лайық деп танылды.

Онлайн форматта өткен жиын аяқталған соң, аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов пандемия кезінде барлық салаларда көмек қолын созып, еңбек еткен еріктілерге алғысын білдірді.

Сондай-ақ, облыс әкімі де игі істердің ұйытқысы болып жүрген бір топ еріктіге «Халық алғысы» медалін табыстап, «Жыл волонтеры – 2020» дипломымен марапаттады.

Кеше волонтерлер жылы ресми түрде жабылды.