Волонтерлікпен айналысатын отбасы
Бұл отбасы көпке үлгі. Ел басына қиын шақ туғанда әкесі, анасы және қызы мұқтаж жандарға көмекке ұмтылды. Еңбектеріне ешқандай ақы сұрамай, халық алғысы үшін нағыз еріктілерге айналды. Отбасының отағасы Қадыржанов Беріктің айтуынша, ол волонтерлікке биыл 38 жасында келген. Алғаш еріктілер туралы естігенде қатты таңқалған. Мынадай уақыт тығыз заманда қалай бәріне үлгереді екен деп. Тіпті бір қаладан екінші қалаға өз қаражатына барып жүргендерін естігенде өзіне пайда болмаса ол не үшін керек деген ойға келген. Дегенмен Берік еріктілер қатарына қосылмай тұрып та көмекті қажет ететін жандарға отбасының атынан жәрдемдесіп жүрген.
Беріктің еріктілер қатарына қосылуына себепкер – жолдасы Балауса. Инстаграм әлеуметтік желісінен автоволонтерлар қажет деген хабарламаны көрген ол Берікке бізде барып көрейік деп қолқа салған. Жеке автокөлігі бар Берік жолдасы Балауса екеуі алғаш рет мұқтаж жандарға тағам тасыған. Бір күнде бірнеше үйге барып, адамдардың алғысы мен батасына бөленген отбасы қазір нағыз еріктілерге айналған. Бүгінде олардың жандарында қыздары Фатима да бар. Ол ата-анасы мұқтаждарға дәрі-дәрмек тасып жүрген кезде волонтерлікке келді.
– Әкем мен анам түнгі екі кейде одан да кеш келетін болды. Алайда жүздерінде шаршаған белгі жоқ. Таң атысымен қайта кететін. Олардың ортасына бір барған мен сол күннен бастап ерікті болдым. Ол ортадан қатты шабыт аламын. Үйге қанша кеш келсек те, әрлі-берлі шапсақ та шаршамайтынбыз. Адамдарға көмектесуден ләззат алдым. Олардың алғыстарын естігенде шаршағанымды ұмытып, одан сайын алға ұмтылуға күш аламын, – дейді Фатима.
Отанасы Балауса волонтерліктен алған тәжірибесі мен көрген жағдайларын әңгімелеу барысында қоғамдағы адамдар туралы, олардан алған әсері туралы айтты.
– Осы уақытқа дейін біраз адамды, отбасыны көрдік. Сан түрлі оқиғалар мен жағдайларға тап болдық. Қатты мұқтаждарды көріп шүкіршілік айттық. Олардан бөлек материалдық жағдайлары жақсы адамдарда үкіметтен көмек алып жатырғанын да көрдік. Бәріне бірқалыпты қарауды үйрендік және қоғам болған соң бәрінің бірдей болуы мүмкін емес екенін түсіндік, – дейді Балауса.
Қадыржановтар отбасы бүгінде өз арасындағы жандарға үлгі боп жүргендеріне қуанады. Ағайын-туыс, достарының жақсы лебіздері отбасын одан әрі шабыттандырып, алға жетелейді. Қай жерде де осы істерін мақтанып айтады және мұқтаж жандарға көмектері тигендеріне өздері де шын риза. Болашақта Фатима фельдшер маманы болғысы келеді.
– Бұл таңдауым еріктілікті одан әрі дамытуға жасаған үлкен қадамым болмақ, – дейді Фатима.