Үш күнде жол ережесі 2 000-нан көп бұзылған
Атырауда 18–20 қараша аралығында республикалық «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық шарасы өтті. Мақсаты – жүргізушілердің көлік тәртібін арттыру, жол-көлік оқиғаларының санын азайту, сондай-ақ, жол жүрісі қағидаларын бұзудың алдын алу.
Шара барысында облыс аумағында 2 195 жол қозғалысы ережелерін бұзу анықталды. Оның ішінде көлік жылдамдығын асырған 876, қауіпсіздік белдігін тақпаған 266, көлік басқарып келе жатып, ұялы телефонмен сөйлескен 194, мемлекеттік немесе міндетті техникалық тексеруден өтпеген 108, көлік құралдарын жүргізуші куәлігінсіз басқарған 271, көлікті масаң күйде басқарған 17 жүргізуші анықталған.
Патрульдік полицейлер маневр ережелерін бұзған 84, жаяу жүргіншіні өткізбеген 63, бағдаршамның тыйым салынған белгісінен өткен 28, апатты жағдай тудырған 10 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырып, 12 көлікті айыппұл тұрағына қойды.