Атырау экологиясы ең нашар қалалардың ондығына кірді
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанда экологиясы ең нашар қалаларды атады. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлады.
Министрдің айтуынша, 2019 жылдың қорытындысы бойынша экологиялық мониторингке сәйкес 45 елдімекен ішінде 10 қала атмосфералық ауаның жоғары ластану деңгейіне жатады.
– Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалалары. Сонымен қатар, ластаушы заттар шығарындыларының едәуір көлемі Павлодар облысына тиесілі, – деді Мырзағалиев үкімет отырысында.
Экология министрлігі барлық өңірде жұртшылықпен кездесу өткізіп, экологиялық проблемалар мен оларды шешу жолдарын талқылаған. Нәтижесінде 17 жол картасы әзірленіп, оларда өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі нақты шаралар қарастырылған.