Биыл жұмысынан айырылған 82 мыңнан аса азамат әлеуметтік төлем алды
Жыл басынан бері жұмысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемді 82,1 мың адам алды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Оның ішінде 10 489 азаматқа төлем қазан айында тағайындалған.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айрылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 40%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған қызметкерге:
— Egov.kz порталында авторизациялану;
— «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
— Онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет.
Бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі халықты жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі және қажет болған жағдайда қосымша ақпарат жинау үшін сізге ХЖҚО қызметкері хабарласады.
Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.
Естеріңізге сала кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адам жұмыс іздеген кезеңде оны қолдауға арналған.