Итке таланған баланың жағдайы қалыпты
Жұлдыз ықшамауданында 2 жасар сәбиді ит талаған. Оқиға орнына шұғыл жеткен полиция қызметкерлері жан-жақты іздеу шараларын жүргізіп, сәбиді қапқан итті сол ықшамаудандағы шағын өндірістік базалардың бірінің аумағынан тапты. Көп ұзамай иесін де анықтады.
Осыған орай, 1985 жылғы Атырау қаласының тұрғынына қатысты ӘҚБтК-нің 408-бабының 2-бөлігі «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету ережелерін, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою ережелерін бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, сол бойда ауруханаға жеткізілген баланың қазіргі уақытта жағдайы қалыпты. Атырау облыстық балалар ауруханасының дәрігер-травматологы Жақсылық Мағзомовтың айтуынша, 18 қараша күні сағат 16:00-де жарақат бөліміне әкелінген 2 жасар баланың жарақаты орташа жағдайда.
– Сәрсенбі күні бала ауруханаға жеткізілген бойда алғашқы көмек көрсетілді. Тістелген жараларға хирургиялық өңдеу жасалды. Баланың басы мен қолына орташа деңгейде зақым келген. Жаралары таңылып, ем алуда, – деді Жақсылық Мағзомов.
Бала қазір травматология бөлімінде анасымен бірге.