Қылмыстық топ келтірген зиян 5 миллиард теңгеден көп

Былтыр шілдеде Мемлекет басшысы Үкімет пен құқық қорғау органдарына қорықшылардың құқықтарын күшейту және браконьерлерге жазаны күшейту мен қылмыстық әрекеттерін тоқтату туралы заңнаманы қайта қарауды тапсырды.
Бұған Қарағанды және Ақмола аумағындағы «Охотаоопром» инспекторларының браконьерлердің қолынан болған қайғылы өлімі себеп болды.
Президенттің тапсырмасын орындау барысында 2019 жылдың тамыз айында ҰҚК департаментімен елдің батыс өңірінде ақбөкендерді атып, олардың мүйізін сатқан Атырау облысының тұрғындары тергеуге алынды.
Нәтижесінде, ҚР ҰҚК-нің жедел тергеу тобы броконьерлердің тұрғылықты жерлерін тінту кезінде 6 294 дана ақбөкен мүйізін тәркіледі. Бұл – қызыл кітапқа енген жануардың кем дегенде 3 147-сі өлтірілгенінің дәлелі. Орман және жануарлар дүниесі инспекциясы мамандарының есептеулері бойынша, қылмыстық топтың бұл әрекетінің кесірінен мемлекетке 5 миллиард 664,6 миллион теңге шамасында зиян келген.
Топтың 5 жетекшісіне қатысты сот бұлтартпау санкциясын қолданып, Атырау қаласындағы тергеу изоляторына қамауға алса, екеуі – мырзақамақта.
Қазіргі кезде қылмескерлерге қатысты сот процесі ашық режимде Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық сотында қылмыстық іс бойынша қаралуда.