Атырауға көпбейінді аурухана салынады
Бүгінде облыстың денсаулық сақтау жүйесінде 35 мемлекеттік медициналық ұйым, оның ішінде 10 қалалық және 7 аудандық стационар, 6 қалалық емхана, 2 дәрігерлік амбулатория мен 10 өзге ұйым жұмыс істейді. Сондай-ақ, тұрғындарға медициналық сақтандыру қорымен келісім жасасқан 27 жекеменшік ұйым қызмет көрсетуде.
– 2015 – 2019 жылдар аралығында облыста 24 денсаулық сақтау объектісіне 1 млрд. 936 млн. теңгеге, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде 382 млн. сомасында 6 медициналық ұйымға күрделі жөндеу жүргізілді. Оның екеуі толықтай аяқталды. Қалғандары осы айдың соңына дейін аяқталады. Сонымен қатар, президенттің тікелей тапсырмасымен республикалық бюджет есебінен алдағы уақытта Атырауға көпбейінді аурухана салу жоспарланып отыр, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев ӨКҚ алаңында өткен брифингте.