Индер ауданында 6 171 оқушы білім алуда
Бүгін өңірлік коммуникациялар алаңында «Индер ауданы бойынша пандемия кезеіндегі білім беру ұйымдарының қызметі» атты онлайн брифинг өтті.
Онлайн баспасөз маслихатында Индер аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Орынша Ділмұқашева аудандағы білім беру, мектепке дейінгі ұйымдар қызметі мен оқушылардың жағдайы туралы айтты.
Оның мәліметінше, Индер ауданы бойынша жалпы орта білім беретін 15 мектеп, 11 балабақша, 3 қосымша білім беру ұйымы бар. Барлығы 349 сыныпта бүгінде 6 171 оқушы білім алып жатса, 1 233 бүлдіршін балабақшада тәрбиеленуде екен. 1 – 4 сыныптар арасындағы 149 кезекші сыныпта 1 900 оқушы дәріс алуда. Барлық ұйымдар қажетті қорғаныш, залалсыздандыру құралдарымен қамтылған.
15 мектептің 11-інде 25 шағын орталық жұмыс жасайды. Онда 3 – 4 жастағы 351 бүлдіршін болса, 30 мектеп алды даярлық тобында 576 оқушы бар. Оның 315-і кезекші сыныпта оқып жатыр.
2 қосымша білім беретін шығармашылық орталықтың 17 үйірмесіне – 605 оқушы, балалар мен жасөспірімдер спорт үйірмесіне 916 оқушы қатысады.
Қыркүйек айында «Инклюзия Болашақ Атырау» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен ерекше білімді қажет ететін баларға қолдау көрсету мақсатында кент орталығындағы Көктем қазақ орта мектебінде инклюзивтік сынып ашылған. Қазір оған 5 бала қабылданып, білім алуда.
Жалпы аудан бойынша 906 педогог болса, оның 821-і жоғары білімді, 85-і арнаулы орта білімді мамандар. 838 ұстаз қашықтан оқытудың онлайн курсынан өткен. Сондай-ақ, биыл ауданға 19 жас маман келіп, мектептерге қызметке орналасқан.