Зілзаладан қаза тапқандардың саны 76-ға жетті
Жұма күні Түркияның батысында 6,6 балдық жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпуі жергілікті уақытпен 14:51 кезінде Измир провинциясы Сеферхисар ауданындағы Эгей теңізінің жағалауында тіркелген. Зілзала ошағы – 16,5 шақырым тереңдікте.
Апаттан қаза тапқан тұрғындардың саны 76-ға жеткен. Бұл жайында Түркия үкіметі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою басқармасы хабарлады.
Кеше сағат 17.20 кезіндегі соңғы ақпаратқа сүйенсек, ауруханаға зілзаладан зардап шеккен 940 адам жеткізілген. Оның ішінде 722 адам көмек көрсетілген соң үйіне жіберілді. 28 науқас әлі ем алып жатыр.
Қирап қалған 8 ғимаратта құтқару-іздеу жұмысы жалғасуда.
Жер сілкінісінен кейін 947 афтершок болған, оның 43-інің магнитудасы 4 балдан асты.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмектесуге дайын екенін жеткізді.