Экологтар 5,1 млрд. теңгені өндірді
Атырау облысының экологтары соңғы 9 айда қоршаған ортаға келтірілген залалға байланысты 5,1 миллардтан астам теңге өндірді. Бұл туралы Атырау облысы бойынша экология департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Биылғы 9 айда жалпы сомасы 810 миллион 57 мың теңгеге мөлшерінде қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу туралы 42 нұсқама берілген.
Атырау облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Тілегеновтың айтуынша, оның ішінде бүгінге дейін 35 нұсқамаға сәйкес 78 миллион 592 мың теңге мемлекет пайдасына өндіріліп алынған. Ерікті төлем мерзімінің аяқталуына байланысты «Теңізшевройл» ЖШС, «Атырау Су Арнасы» КМК және «АК Холдинг Құрылыс компаниясы» ЖШС-не қатысты 729 миллион 445 мың теңге сомасындағы залалды өтеу туралы 5 нұсқама сотқа жолданды. Бұл нұсқамаларға қатысты іс сотта қаралуда. 2 млн. 19 мың теңгені құрайтын 2 нұсқаманың өтеу мерзімі әлі өтпеген.
– Былтырғы жылы қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеуге байланысты жалпы сомасы 5 миллиард 91 миллион 44 мың теңге болатын 12 нұсқама берілген еді. Биыл аталған сома толығымен өтелді. Осылайша биылғы 9 айда мемлекет кірісіне 5 миллиард 169 миллион 636 мың теңге өндірілді, – дейді Сырым Тілегенов.