Тойхана тігін цехына айналды
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, атыраулық кәсіпкер Мейрамгүл Иманғалиева мейрамхананы тігін шеберханасына айналдырған. Ісмер бала тәрбиесімен үйде отырған кезде «ханшайым мақпалы» деп аталатын матадан көрпе тігіп үйреніп, үйден ұлттық нақыштағы көрпе-төсектерге тапсырыс қабылдауды бастаған.
Осылай тәжірибе жинап кәсіпкер 2016 жылы өз кәсібін ашты. Ұлттық үлгідегі қыз жасауы мен киім-кешек, түрлі бұйымдарды сәндеп тігетін шебер отбасылық ісін кеңейтіп, тапсырыс көлемін арттырған.
– Әсіресе, қыз жасауына тапсырыс көп түсіп, қызметкерлер саны артқан соң шағын цехты кеңейтуді ойдадық. Наурыз айынан бері Атырау қаласының іргесіндегі Көкарна ауылында бос тұрған «Ажар» тойханасын жалға алып, жұмысымызды жандандырдық, – дейді кәсіпкер.
Қазір тігін цехында 25 адам жұмыс істейді. Ою оюға арналған екі лазерлі станогы бар. Айына 100-150 дана топтамаға тапсырыс қабылдайды. Кәсіпкер тігіншілерді тегін түскі аспен толық қамтып, оларға 150 мың теңгеге дейін жалақы төлейді.