Аукцион арқылы 104 жер телімі сатылды
Облыста кәсіпкерлерге аукцион арқылы 104 жер телімі сатылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлібек Ермекқалидың мәліметінше, аймақтағы жер қоры – 11 млн. 863 мың гектар.
Жер қоры ауыл шаруашылығы мақсатындағы елді мекендер, өнеркәсіп, көлік, байланыс, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, орман қоры, су қоры, босалқы секілді санаттарға бөлінеді.
Биылғы 9 айда кәсіпкерлік мақсатта аукцион арқылы 104 жер телімі, ауыл шаруашылығы мақсатында конкурс арқылы 132 жер телімі табысталды. 2017 – 2021 жылдарға арналған жер қатынастарын реттеу байланысты Жол картасы жасақталып, осыған сәйкес 126 елді мекеннің шекарасы бекітілуі қажет екен. 2017 жылы аудандарда – 8, 2018 жылы – 34, 2019 жылы 39 елді мекен шекарасы белгіленген. Ал биыл 45 елді мекеннің шекарасын белгілеу бойынша жерге орналастыру жұмыстары жүріп жатыр.
Сондай-ақ, ҚР Үкіметінің 2016 жылғы қаулысына сәйкес, Махамбет ауданы Алмалы ауылдық округінің 7 145 гектар жері Атырау қаласына берілсе, Қызылқоға ауданының жер қорынан жалпы көлемі 413,361 гектар жерді Мақат ауданына беру жөнінде жоба жүргізілген.