Жарнамалар мен атаулардың сауатты жазылуы қатаң бақыланады

Елордада Мәдениет және спорт минстрлігінің Тіл саясаты тіл саясатын іске асыру бойынша «Тіл тұтастығы – ел тұтастығы» атты онлайн-жиын өткізді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
ҚР Мәдениет және спорт минстрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба тіл жанашырларымен кездесу өткізіп, қоғамда тіл мәселесін көтеріп жүрген азаматтардың үнін тыңдау, қазақ тілін елдегі ұлт аралық қатынас тіліне айналдыру бағытындағы ұсыныстарын талқылау, шешу жолдарын айқындады. Шараға Парламенті Сенаты мен Мәжілісі депутаттары, Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің өкілі, белгілі қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары, саясаттанушылар мен заңгерлер, мүдделі министрліктердің өкілдері қатысты. Жиын қорытындысы бойынша «Тіл қорғаны» онлайн тобы құрылды.
– Біздің бастамамызбен Алматы телеарнасынан «Тіл қорғаны» апталық бағдарламасы іске қосылады. Ол алдағы аптадан бастап көрермендерге жол тартады. Мемлекеттік тілде сауатсыз жазылған жарнама, мекеме атаулары, ақпараттық жадынама, нұсқаулықты әшкерелеу керек. Тіл мамандарымен бірігіп, қатенің қайта түзетіліп, жазылғанын қадағалаған жөн. Жобаның басты идеясы – сауатсыз жазылған ақпаратты бірден тауып, қаладағы барлық жазулардың қатесіз болуына қол жеткізу. Жобаның міндеті – сауатсыз жазылған атау немесе жарнаманы көрсету, мекеме иесін тауып, оның түзетілуіне мұрындық болу, – деді онлайн жиында Әділбек Қаба.
Оның айтуынша, мемлекеттік тіл нормаларына сәйкес келетін көрнекі ақпаратты қамту дәрежесін 70%-ға жеткізудің бір тетігі ретінде бағдарламаға танымал тұлғаларды тарта отырып, телеарналар арқылы сыртқы көрнекі жарнама мәтіндерінде, ресми құжаттар мен жарияланымдарда, оқулықтарда, БАҚ-та мемлекеттік тілдің сауатсыз, орынсыз қолданылуы туралы мәліметтердің жария етілуін ұйымдастыру көзделген. Сондай-ақ, көрнекі ақпарат пен жарнаманың сауаттылығын қоғамдық бақылау бойынша платформаны ұйымдастыру және шаралар қабылдау жоспарда бар.