Құлсарылық оқушы алоэден сусабын мен йогурт жасады
Атырау облысы Құлсары қаласының 9-сынып оқушысы Нұрдәулет Мандияров алоэ өсімдігінен бет күтіміне маска, сусабын және балаларға арналған йогурт жасап шығарды. Бұл туралы облыстық Білім беру басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Жас ғалым Құлсары қаласындағы №8 жалпы білім беретін орта мектебінде оқиды. Ол алоэ өсімдігін зерттеп, өсімдіктің қасиетін жоғалтпай, құрамындағы элементтер сақталған қолжетімді өнім алу бағытындағы ғылыми жобаны іске асырған.
Өзінің айтуынша, алоэ өсімдігі арқылы барлық ауруларды емдеп жазатын дәрілік заттар шығаруға болады.
– Ғылыми жобамның тақырыбы – «Денсаулық пен сұлулық кепілі – алоэ». Аталған өсімдіктің пайдасы ұшан-теңіз болғандықтан да осы тақырыпты алдым. Қазіргі уақытта экологияға байланысты тері, асқазан аурулары, түрлі аллергиялар көптеп кездеседі. Сондықтан аталған ауруларға қарсы алоэ өсімдігінен отандық өнімдер шығарсам деген ниетім бар. Болашақта өзім осы бағытта жұмысымды жалғастырып, үлкен жаңалық ашқым келеді, – дейді жас ғалым Нұрдәулет Мандияров.
Өз кезегінде Нұрдәлет Мандияровтың жетекшісі, химия пәнінің мұғалімі Фарида Машырықова да шәкіртінің ғылымға деген құлшынысы күшті екенін, оның болашағынан үлкен үміт күтетінін жеткізді.