Праймеризге қатысушылар марапатталды
Атырау облысының әкімі бір топ праймеризге қатысушыларды марапаттады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов өткен праймериздің негізгі мақсаттары мен міндеттеріне тоқталып, облыс атынан қатысқан барлық үміткерлерге өз алғысын білдірді.
– Праймериздің негізгі мақсаты – партияішілік сайлауда өндіріп іс жасайтын, ел алдына шығар көшбасшыны таңдау. Праймериздің міндеті – «Мықты лидерлер – мықты партия» қағидаты бойынша шынайы және мықты көшбасшыларды партия қатарына тарту, белсенді және бастамашыл азаматтар үшін «әлеуметтік лифт» құру. Бастапқыда туындаған кейбір күдік пен күмәнге қарамастан, праймериз өте қарқынды да тартысты өтті. Әсіресе, додаға қатысқандар арасында жастар мен әйелдер қатары мол. Осынау айтулы шараға қатысқан барша үміткерді шын жүректен құттықтаймын, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, шара барысында аймақ басшысы республикалық «Biz Birgemiz» акциясына қатысып, COVID-19 індетіне қарсы күресте зор үлес қосқан кәсіпкерлерге «Халық алғысы» медалін табыс етті. Өз кезегінде, партияішілік іріктеуге қатысушылар алғаш рет қолға алынған саяси бәсекеден үлкен тәжірибе жинағандарын жеткізді.⠀
Айта кетейік, облыста праймериздің бірінші кезеңі бойынша сайлаушылардың дауысын есептеу жұмысы толықтай аяқталды. Төрт күн бойы «Праймериз» ақпараттық жүйесінде тіркелген мүшелерінің 22 549-ы немесе 94,4 пайызы дауыс беруге қатысқан. Оның ішінде 22 322 партиялық онлайн-форматта дауыс берсе, 227 нұротандық дәстүрлі түрде қағаз бюллетеньмен таңдауын жасады.
Бұл ретте аймақ басшысы онлайн түрде дауыс беруде ел бойынша жоғары белсенділік танытқаны үшін партия мүшелеріне арнайы алғысын білдірді. Сонымен қатар, праймериз бойынша бақ сынағандардың 35,4 пайызы әйелдер болса, 37,6 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар болғанын, ал қатысушылардың орташа жасы 38-де болғанын атап өтті.