«Ойыл–Қиыл–Жем–Сағыз» атты жаңа жоба қолға алынды
Атырау облыстық әкімдігінің қолдауымен тың бастама қолға алынды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
«Ойыл – Қиыл – Жем – Сағыз» атты экологиялық тақырыптағы бірлескен шығармашылық-зерттеу жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттер және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады.
Жоба аясында «Атырау-Ақпарат» және «Ақтөбе медиа» ЖШС арасында әріптестік бағыттағы қарым-қатынасты дамыту, бұқаралық ақпарат құралдары саласында шығармашылық байланысты өрістету көзделіп отыр.
Осы бағытта бүгін аталған екі серіктестіктің басшылары Ысқақ Егембердиев пен Раукен Отыншин өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Меморандум аясында аталған өзендердің ахуалы жөнінде экспедициялар, қоғам белсенділері, тиісті құрылымдармен бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру сияқты жұмыстар атқарылады.