Денсаулық - 07.10.2020

Коронавирусты анықтайтын ПТР тест арзандайды

Мемлекет басшысы коронавирусқа тексерілу үшін тапсыратын ПТР тесттің бағасы қымбат екенін айтып, оны төмендету мәселесін қарастыру бойынша құзырлы органдарға тапсырма берді. Бұл туралы zakon.kz хабарлады.

– Тағы бір мәселе – тесттің құны. Зертханалар желісінің кеңейіп, бүкіл әлемде оның арзандап жатқанына қарамастан, біздің бағаларымыз әлі шарықтап тұр: 10 мыңнан 18 мың теңгеге дейін. Бұл халықтың едәуір бөлігі үшін қолайсыз сома деп санаймын. Үкімет пен әкімдер тестілеудің қаржылық жағынан қолжетімді болуы мәселесін шешуге міндетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері кеңесінде сөйлеген сөзінде.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бетперденің бағасы да тоқтала кетті.

– Бетперде бағасы басқа елдермен салыстырғанда әлі де жоғары. Сондықтан оның бағасын айтарлықтай төмендеуін қамтамасыз ету қажет. Үкімет бетперде үшін шекті бөлшек сауда бағасын 60 теңге шегінде бекітуді жоспарлап отыр. Менің білуімде, Ресейде оның құны 20 мен 30 теңге арасында, яғни азаматтарға өте қолжетімді. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне осындай бағалардың сәйкестігін талдауды және зертханалық қызметтер мен жеке қорғану құралдарына қатысты баға саясатының мониторингін қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Президент.