Баға қымбаттап барады
Премьер-министр Асқар Мамин бүгінгі Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын көтеруге еш себеп жоқ екенін айтты.
– Біз импортқа тәуелділікті азайту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бағаны қымбаттатуға ешбір себеп жоқ. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың барлық түрлері бойынша бағаның тұрақтылығына қатаң бақылау қамтамасыз етіледі. Халықаралық астық нарығында қалыптасып отырған конъюнктураны ескеріп, ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, сыртқы жағдайға және азық-түлік қорының жеткілікті болуы мен әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтылығына мониторингті жалғастыруы қажет.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер өзімізде өндірілетін азық-түліктің, әсіресе, картоп, ұн, сәбіз және қарақұмық жармасы бағасын өсіруге жол бермеуі қажет. Елдің барлық қажеттілігін толығымен қамтамасыз ету үшін олар жеткілікті көлемде өндіріледі. Әкімдер осы мәселені ерекше бақылауға алсын, – деді үкімет басшысы.
Дегенмен Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 4,4%-ға өскен. Өсім барлық аймақта байқалады. Негізгі өсімді қарақұмық жармасы мен қант, сәбіз бен картоп көрсетіп тұр. Оның басты себебі – егістік аумағының қысқаруы.