Жартысынан көбі жазылып шықты
Облысымызда COVID-19 індетін жұқтырғандардың 60%-ы емделіп шықты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Бүгінде облыс көлемінде 9 392 адам коронавирус індетін жұқтырған. Оның ішінде 5 677 адам жазылып шықты. Бұл – ауырып шыққандардың 60%-ы. Өткен тәулікте 109 адамның қауіпті індетке шалдыққаны анықталып, облыс бойынша коронавирус жұқтырғандардың өсімі 1,7%-ды құрады.
Қазіргі таңда аймақта 1170 инфекциялық, 787 провизорлық, 2013 карантиндік керует жасақталған.
— Облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, инфекциялық керуеттердің саны 60 пайызға артты. Нақтырақ айтқанда, 466 орын қосылды. Бүгінде 55 интерн инфекциялық, провизорлық стационарларда қызмет етуде. Сондай-ақ, Ресейден келген дәрігерлер біздің дәрігерлермен тығыз байланыста жұмыс жасап жатыр. Бекітілген алгортимге сәйкес ем жүргізуде, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.