Атырауда карантин қайта күшею мүмкін
Атырауда санитарлық нормалардың сақталмауына байланысты карантин шаралары күшейтілуі мүмкін. Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары және коронавируспен күрес жөніндегі өңірлік шұғыл штабтың төрағасы Нұрлан Таубаев штабтың нақты міндеттері қандай екенін айтты.
— Штаб шектеу шараларының орындалуын қадағалап, жағдайды бақылауда ұстайды. Қажеттілік туындаса, штаб қатаң карантиндік шараларды енгізу туралы ұсыныстар білдіре алады. Ал қазіргі жағдайға қатысты тағы қандай шешімдер қабылдауымыз керектігі алдағы үш-төрт күнде белгілі болады. Жеке көлік қозғалысына сағат 11.00-ге дейін ешқандай рұқсат құжаты қажет емес, яғни, тыйым салынбайтындығын атап өткім келеді. Сондай-ақ, тұрғындар масканы міндетті түрде тағып жүруі шарт, әрі әлеуметтік қашықтықты сақтағандары жөн. Егер ережелер сақталмаған болса, азаматтар жауапқа тартылады. Бұдан бөлек, мобилді топ күн сайын полиция және эпидемиологтармен бірлесіп санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың орындалуын бақылау мақсатында рейдтер өткізеді. Талапқа сәйкес келмейтін қызметтер болса, рұқсат етілген объект иелері де жауапқа тартылады және олардың мекемелері жабылады. Мәселен, талаптарды орындамағаны үшін букмекерлердің қызметіне тыйым салынды, — деді Нұрлан Таубаев.
Сонымен қатар, Шұғыл штаб төрағасы облыс тұрғындарын жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.
— Бірер күн бұрын қалада дәрі-дәрмектерді рұқсатсыз тарату шарасы ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар бұл әрекеттерін ешкіммен ақылдаспаған, алдын-ала келіспеген. Адамдардың қауіпсіздік ережелерін сақтамағандығы себебінен, бұл жағдай аурудың жаңа толқынының пайда болуына әкеліп соғуы мүмкін еді. Өйткені, барлық санитарлық нормалар бұзылған. Осы орайда тұрғындардан тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймын. Қазіргі уақытта халық әлеуметтік желілерде таралып жатқан жалған ақпараттарға сеніп, соның салдарынан дүрбелең туындауда. Ондай өтірік, жел сөзге алданып қалмаңыздар, әрдайым алған ақпараттарыңыздың шынайы екеніне көз жеткізіңіздер, — деді ол.