Оқуға түсу үшін медициналық анықтама керек емес
Білім беру ұйымдарына құжат тапсыру кезінде медициналық анықтамаларды ұсынбауға уақытша мүмкіндік беріледі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Telegram каналында жарияланды.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтамаларды алуда туындаған қиындықтарға байланысты Білім және ғылым министрі білім беру ұйымдарына (балабақшаларға, мектептерге, колледждер мен ЖОО-ларға) құжаттарды медициналық анықтамаларсыз қабылдауға уақытша рұқсат беру туралы бұйрыққа қол қойды.
Egov.kz порталы арқылы құжаттарды жіберу барысында медициналық анықтамаларды өзіне байланысты емес себептер бойынша ұсына алмайтын азаматтар үшін аталған анықтамаларды кейін ұсынуға мүмкіндік беретін функция іске қосылады. Қазіргі уақытта білім алушылар медициналық тексеруден өткені туралы анықтамаларсыз шартты түрде білім беру ұйымдарына қабылданады.
Бірақ медициналық анықтамаларды оқу жылы басталғанға дейін мүмкіндік болған кезде тапсыруға болады.