Атыраулық медқызметкерлерге – тегін түскі ас
Атырауда «KomekAtyrau» қоғамдық бірлестігі дәрігерлерге күнделікті 100 адамға шақталған тегін ыстық тамақ жеткізуде, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Бұл істі бастаған жергілікті тұрғындарға кәсіпкерлер қолдау көрсеткен. Қазіргі уақытта 650 медицина қызметкеріне ыстық тамақ берілді. Қайырымдылық шараны ұйымдастырушы «KomekAtyrau» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Еркебұлан Серікқалиевтің айтуынша, ыстық тамақ облыс орталығындағы медициналық мекемелерге кезекпен жеткізілуде.
– Кейде өзіміз қарбалас кезеңде түскі ас ішуді ұмытып кетіп жатамыз. Ал індетпен күресіп жатқан осындай қиын кезеңде дәрігерлердің тамақ туралы ойлауға уақыттары да жоқ. Десе де, оларға күш керек, халықтың қолдауы да аса маңызды. Сол себепті, бұл бастаманы жүзеге асырып отырмыз. Бүгін – акциямыздың алтыншы күні, – дейді Еркебұлан Серікқалиев.
Осыған дейін «KomekAtyrau» қоғамдық бірлестігі облыс тұрғындары мен жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен 300 отбасын тамақпен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі екі адамның отбасына және шалғай ауылдардағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қаржылай көмек көрсеткен.