Бара-бара қарт өлмейді біздерде, Қартаюға үлгермейміз, себебі…

Ақан Серік, ақын. 1977 жылы Қызылқоға ауданында өмірге келген. 

***

Қайырлы таң, астанасы мұнайдың!

Тез ұйқыңды аштырды ма газды ауа?

Назарынан тыс қалғандай Құдайдың…

(Бұл ақының жазбайтынды жазды-ау, ə?)

 

Тамаша ғой, мұнайың көп жеріңде,

Кім-кімнің де соруына жетерлік.

Он мұнайшы қазағыма, кемінде ,

Жүз мұнайшы ақыл айтар шетелдік.

 

Керегі не?

Мақсат қандай көзделген?

Улы ауа ғой өкпемізге берері.

Бара-бара қарт өлмейді біздерде.

Қартаюға үлгермейміз, себебі.

 

Көк түтіннің құндағынан оянған,

Қайырлы таң, астанасы мұнайдың.

Көкжиегің қара түске боялған,

Кештеу енді көмегі де Құдайдың…

***

Күлтөбенің басында күнде күңкіл!

Бұл қазағым болмады кімге күлкі?

Жарты жерің қытайға,

Жарты жерің

Қоқыс болмақ орыстар күл төгетін..

 

Далбақтаймыз батыр деп ата-бабам.

Ата-баба сүйегін сата ма адам?

Махамбеттің кім үшін басы кетті,

Мен үшін бе, «жандаспай» жата қалған?..

 

Қазақ, енді мақтанба батырмын деп…

Қорқақтығың білініп жатыр күнде.

Сол қорқақтың бірі отыр өлең жазып,

Тағы бір күн «шүкірмен» батырдым деп…

 

Күдігімнен үмітім ерте өледі…

Содан болар, көкірек өртенеді..

Бабам жиын өткізген Күлтөбеге

Қалай орыс қорықпай күл төгеді?..

Қорқақпыз…

***

Гипермұң

 

Қайғырам.

Көңілді шақ қашық.

(Үмітім… үмітті ақтап шық…)

Жемқорлар елімді тонауда,

Сатқындар жерімді сатпақшы.

 

Мұңдымын.

Ертеңім құлдық па?

Елдіктің енесін ұрдық па!

Айдаһар қытайдың аузына

Майшелпек болдық па қылғытпа!

 

Қынжылам.. .

Дəрменсіз дəрменім.

Күшті боп сатқындар пəрмені.. .

Құрбандық керек пе Ел үшін,

Құдайым, ал мені!..

 

Өкініш.. .

Осылай өтер ме Ел?

Сатқындық түбіне жетер ме?

Қайран да Махамбет, Кенехан

Бастары шабылды-ау бекерге..

 

Кеше гөр.. .

Ертеңгі ұрпағым.

Еліңді, жеріңді құртамын.

Əзірге тым жасық бұл қазақ,

Мен содан қорқамын.

***

Биесі буаз, есегі жүкті,

Ішкені — зəмзəм, төсегі — түкті.

Сыйы кеткеннен сыйлық алатын,

Қазіргі ақынның есебі мықты.

 

Төлегендей олар тебірентпейді.

Ауыр жүректі жеңіл етпейді.

Махаббатты ғана мыжғылап əлек,

Жазғаны жалған, көңілге өтпейді.

 

Махамбеттердің мұңдағы қайда?

Жұмекендердің жұмбағы қайда?

Салдақы өлең сəнге айналды-ау,

Киелі Сөздің салмағы қайда?. .

 

Жанды өлеңге жанды беремін!

…Жауа бермеші, жаңбыр-өлеңім:

Əділ ақындай жоғалып кетіп,

Сағат ақындай қаңғып өлермін…

***

Қайран да қайран Махамбет!..

 

О, бабам менің, от текті,

Қазақтан қазір от кетті.

Жағымпаз бенен жылпысқа,

Есімің ойыншық боп кетті.. .

 

Қайран да қайран Махамбет!..

 

Қысылған бізде құйрық бар.

(Жоғардан сондай бұйрық бар.)

Құйрығын жақсы қысқанға,

Атыңда сенің сыйлық бар…

 

Қайран да қайран Махамбет!..

 

Бәйгені байлап байталға.

(Ауыз да бармай айтарға.)

Атыңды сенің «жағамыз»

Сыпайы менен сайқалға..

 

Қайран да қайран Махамбет…

***

Жүректі беріп сезімге,

Бауырды беріп араққа,

Ес кірген осы кезімде,

Ілінбей қалдым санатқа.

 

Ауылым, дала, түзімді,

Көркейту еді — міндетім.

Арманым… ол да үзілді,

Жүректің қажап күнде етін.

 

Ақынмын?

Жооқ, ə… Олардан,

Іргемді салам енді аулақ.

Жылдарым жырмен тоналған,

Басымнан кетті мəңгі аунап.

 

Ұлтшылмын?

Қойшы-иии, ауырма!!!

Қайтесің қанат кеш керіп.

Ұлтшылсың қалай, ауылда

Көрші ұлттың жүрсе əскері?

 

Өңімде жемқор, диктатор

Алдында тұрмын бір БАСтың.

Өтірікпен бəрін ұйықтатып,

Ертеңін елдің ұрластым…

 

Түсімде… іздеп жүр екем.. .

Олар да жүр ме табам деп —

Өлеңін іздеп Жұмекен,

Өр елін іздеп Махамбет.. .

 

Сатқындар сатқан жерімді.

Жұмғанда мəңгі көзімді,

Аспаннан қазып көрімді,

Бұлтпенен көмем өзімді…

***

Тұншықтырып жатқандай түтін іштен,

Дем алады жүрегім өкінішпен.

Ертеңіне кесірін тигізбеді

Арақ пенен шарабым бүгін ішкен.

 

Кеше кеткен қателік алдан шығып,

Жүрегімнің қабығын алған сылып.

Кейбір арман елеусіз қалып қойды,

Күлдіктегі шөлмектей қалған сынып.

 

Бақыт-киік тым жүйрік, ұстата ма?!

(Балғасыз соға алмайды ұста таға).

Кей күндері отырам Есениндей,

Арақ толы үңіліп «стақанға».

***

Біз бәріміз бір күндері өлеміз де қаламыз,

Тірілерге болар сосын жүрген жолдың бәрі аңыз.

 

Жатар сосын біздерсіз де таңдар атып, кеш кіріп,

Біздер жайлы естеліктер бірте-бірте ескіріп.

 

Біздерге де арнап жаңа салған төрт құлақты молалар,

Жылдар өте жер бетінен мәңгілікке жоғалар.

 

Келер ұрпақ іздерін де таба алмайды олардың,

Мола түгіл ол кездері бас сүйегің болар құм.

 

Бұл заңдылық табиғат деп аталатын әрдайым,

Өмір үшін табиғатты қалай ғана қарғайын.

***

Күлкім менің, жә, болды жыламағын,

Өткен өтті, қайта оны сұрамағын.

Қуанышты жіберген айырбастап,

Айырбасқа әдемі жыр аламын.

 

Жыр аламын.

Жайнатам жыр алаңын,

Түзетемін құралаң, бұралаңын.

(Мен құласам қайтадан тұра аламын,

Басқаларың, өтінем, құламағын.)

 

Мен өтемін өртеніп, күйіп-пісіп,

Қайғы жесем, орнына күйік құсып.

Сонда-дағы өмірді сүйіп, құшып,

Өзгелерден жатамын биік түсіп.

 

Күлкім менің, жә, болды, жыламағын!!!