Қызылқоғалық тұрғыннан коронавирус анықталды
Атыраудағы Covid-19 жұқтырған соңғы үш науқас туралы мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды Атырау қаласы әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасы Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Олардың бірі бұрын коронавирус талдауы расталған Орал қаласының тұрғынымен байланыста болған.
Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуі бойынша, 37 жастағы атыраулық Орал қаласының инфекция жұқтырған тұрғынымен байланыста болған. Оның дертке шалдыққандығы үйіне оралғанда анықталған.
Екінші науқас — 20 жастағы жігіт. Ол Стамбул—Атырау арнайы рейсімен 27 наурыз күні келген. Науқаста ЖРВИ айқын белгілері көрініп, инфекциялық стационарға жатқызылған. Жігітте коронавирустық инфекцияның бар екендігі карантинге оқшаулау кезіндегі қайталау тексерісінен кейін расталды.
Айта кетейік, 31 жастағы дертке шалдыққан әйел де «Стамбул-Атырау» арнайы рейсімен келіп, ЖРВИ белгілері болғандықтан әуежайдан ауруханаға бірден жеткізілді.
Ал 28 жастағы Қызылқоға ауданының тұрғыны ЖРВИ белгілерімен Атырау облыстық ауруханасына жүгінген. Әйелде коронавирус сынағы оң нәтиже беріп, қазіргі уақытта пациентпен байланысқандар тізімі жасалуда.
Сонымен қатар, Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының шешімімен облыстық аурухана екі күндік карантинге жабылды. Медициналық мекемеде дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, дертке шалдыққандармен байланыста болған дәрігерлер және науқастар оқшауланады.
Осылайша, Атырау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 16-ға жетті. Барлық науқастар инфекциялық стационарда емделуде. Олармен байланысушылар тез анықталып, карантиндік стационарда оқшауланған.