№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының техникалық базасы толықты
«Теңізшевройл» компаниясы №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына құны 25 млн теңге тұратын емдік, дене шынықтыру сабақтарына арналған жаңа құрал-жабдықты сыйға тартты, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Берілген құралдардың ішінде қуат машинасы, жүгіруге арналған жол, аспалы жүгіру жолы, массаж үстелі, анти-декубитті матрац, стационарлық велосипед, эллиптикалық машина, степпер, есу машинасы, кросс-жаттықтырушы және діріл платформасы, сонымен қатар швед қабырғасы мен төсеніштер бар. Сонымен қатар білім беру бағдарламалары мен ойындары бар интерактивті сенсорлық тақта, тактильді қаптар сияқты әдістемелік тренажерлер және баланың психоэмоционалды жағдайына оң әсер ететін құмды жарық үстелі бар. Психолог-дефектолог маманының жұмыс компьютері «психолог профилі» бағдарламасымен жабдықталған, соның арқасында балалардың жеке медициналық карталарын алуға, жұмыс тарихы мен зерттеу нәтижелерін жазуға болады. Бағдарлама дайын есепті қалыптастырады. Сонымен қатар жиынтыққа «Мектепке дейінгі білім беру» бағдарламасы кіреді, оның ішінде 80-нен астам оқу ойындары және есте сақтау, зейін, логиканы дамытуға, санау мен ағылшын тілін үйренуге бағытталған 110 тестілеу материалы бар. Құрылғылардың әрқайсысы балаларды дамытуға және оңалтуға арналған.
– Бұл құрал-жабдықтарды бізге «Теңізшевройл» компаниясы сыйға тарттып отыр. Біздегі сал ауруымен ауыратын және әртүрлі психикалық ақаулары бар балалардың физикалық тұрғыдан дамуына үлкен көмек болды. Сондай-ақ олардың дене бітімі мен бұлшық еттеріне көп әсерін тигізеді. Бұл құралдар біздің орталығымызға бірінші рет әкелініп отыр. Алдағы уақытта осы құралдарды балалардың денсаулығын нығайту үшін зор үлес қосады деген сенімдеміз. Бүгінде дәрігерлеріміздің арнайы нұсқаулары бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының басшысы Анар Каюпова.
Сонымен қатар, «Теңізшевройл» конпаниясының Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджерінің орынбасары Хэймиш Полс компнаияның әрдайым өңірдің әлеуметтік дамуына қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Айта кетейік, қазір орталықта 3 жастан 18 жасқа дейінгі 73 бала қызмет алуда. Оның 33-і стационарлық емделуде. Мұнда педагог-психологтар, логопедтер және дефектологтар сияқты мамандар жұмыс істейді.