Гауһар Зәрден әлем чемпионатынан қола жүлдемен оралды
Армения астанасы Ереванда ұлдар мен қыздар арасында өткен IBA дәрежесінде әлем чемпионатында қыздар арасында атыраулық боксшы Гауhар Зәрден 50 келі салмақта қола жүлдені иеленді, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Жалпы 58 мемлекет бақ сынаған додаға 26 қазақстандық қатысса, соның бірі атыраулық Гауһар болатын.
– Қараша айының 11-і мен 21-і аралығында Алматы қаласында оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Сонда әлем чемпионатына кім жолдама алатынын шешу үшін спарринг болды. Сайыста Атырау қаласының қызы Гауhар Зәрден 50 келі салмақта жеңімпаз атанып, Қазақстан құрама командасымен бірге әлем чемпионатына барып, бақ сынады. Ол 24 қараша мен 4 желтоқсан аралығында болды. Чемпионатта Г.Зәрден бірінші сайыста Эстонияның, екінші сайыста Мексика елінің спортшысын жеңіп, жартылай финалға өтті. Онда Ресей қатысушысымен сайысқа түсіп, есе жіберіп алдық. Гауhар Зәрден әлем чемпионатынан III орын алып, қола жүлдеге ие болды, – деді аға жаттықтырушы Әлібек Көшенов.
Айта кетейік, Гауhар Зәрден – 2022 жылы Иордания астанасы Амманда өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері.