Индерде еркін күрестен республикалық ашық турнир басталды
Жергілікті әкімдіктің қолдауымен Индер ауданында еркін күрестің негізін қалаушы, даңқты балуан Сәттіғұл Ұзақбайұлы Әзербаевты еске алуға арналған 2011-2012 және 2013-2014 жылы туған балалар арасында еркін күрестен республикалық ашық турнир басталды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Жарсуат ауылында басталған турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Артур Мурзин, балуанның алғашқы жаттықтырушысы, спорт ардагері Бағытжан Рахпиев, інісі Наурызғали Азербаев, көршілес Шешенстан мемлекетінің жаттықтырушысы Адлан Даудов сөз сөйлеп, балғын спортшыларға сәттілік тіледі.
Аталған байрақты бәсекеге Алматы, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстары мен қатар Шешенстан, Өзбекстан, Қалмақ Республикасынан барлығы 577 балуан 13 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсуде.
Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан Сәттіғұл Ұзақбайұлының бауырлары бір топ спорт ардагерлері мен қонақтарға құрмет көрсетіп, иықтарына шапан жауып, ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік, Сәттіғұл Әзербаев көп жылдар бойы Жарсуат ауылындағы Махамбет атындағы орта мектепте дене тәрбиесі пәні мұғалімі және еркін күрестен жаттықтырушы болып қызмет еткен.