Атырауда БАҚ қызметкерлері бір сәтке өрт сөндіруші рөлінде болды
Атыраулық бір топ БАҚ қызметкерлері №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жұмыс күнімен танысты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Баспасөз туры «19 қазан — Құтқарушылар күні» атаулы мейрамының қарсаңында өтті. БАҚ өкілдері құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің техникалық жабдықтарымен және авариялық-құтқару құралдарымен танысып, өрт сөндіруші формасын киіп, қысқа уақытқа осы рөлді сезінді.
Кейін құтқарушылар альпинистік құралдардың көмегімен оқу-жаттығу мұнарасының 4-қабатынан өзін-өзі қалай құтқару керектігін көрсетті. Журналистерге өрт сөндіру автомобилінің құрылысы туралы айтылды. Бөлім жанынан жасақталып жатқан мұражайға да экскурсия өткізілді.
— Бөлімде штатты түрде 108 қызметкер еңбек етуде. Әр күндері арпалыс пен жауапкершілікке толы. Атаулы мейрам қарсаңында БАҚ өкілдері өр мінезді ұландар мен қайсар ардагер құтқарушылардың жұмыс күнін өз көздерімен көрсе деген мақсатымыз болды. Сіздердің басты қағидаларыңыз бұқараға дұрыс ақпарат жеткізу болса, біздің басты міндетіміз — азаматтарды құтқару, — деді №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы Айбек Қоспанғалиев.
Айта кетейік, 19 қазан – Құтқарушылар күні. 1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған арнайы қызмет күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз еңбек етіп келеді.
Бүгінде құтқарушылар төтенше жағдайларды жою жұмыстарына қатысуға дайын болу үшін арнайы медициналық, психологиялық әзірлігін, авариялық-құтқару құрылымдарының құрамындағы қызмет дағдыларын үнемі жетілдіріп отырады.
Фото esquire.kz сайтынан алынған