Германия Украина үшін 400 млн еуро жұмсамақ
Германия Украинаға көмек ретінде 400 млн еуро көлеміндегі қару-жарақ пакетін жөнелтпекші. Ал Киевтің қарсы шабуылы үшін таптырмас құрал – алыс қашықтықты дәл көздейтін Taurus зымырандарын жеткізуге байланысты нақты шешім қабылданбады.
Жеткізілетін жаңа қару-жарақтың ішінде жарылғыш заттар, минометке арналған оқ-дәрі, бронотехника, және минаны залалсыздандыратын құрылғылар бар. Одақтас мемлекеттер өкілдерінің басқосуында сөйлеген Германияның қорғаныс министрі Борис Писториустың айтуынша, Украина дәл осы заттарға мұқтаж көрінеді.
Bild басылымына берген сұқбатында министр аталған қару-жарақтарды неміс әскерлерінің көмегінсіз қолдану мәселесінің әлі де талқыланып жатқанын жеткізді.
Батыс елдері көмек жайын талқылап жатқанда бүгін таңда Ресейдің ұшқышсыз аппараттары Украинаның Львов қаласына шабуыл жасады. Жергілікті билік қоймалардың бірінде өрт болып, кем дегенде бір адамның жарақаттанғанын хабарлады.