АТЫРАУДА ОБЪЕКТИВ ИЕЛЕРІНІҢ КӨРМЕСІ ӨТТІ

BatysInfo, 9 желтоқсан — Бүгін Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетіне 100 жыл және редакция фототілшісі Ерлан Сәкембайұлы Алтыбаевтың 50 жасқа толуына орай ұйымдастырылған редакция фототілшілерінің «Объектив – менің әлемім!» атты фотокөрменің ашылу салтанаты өтті.

Аталған фотокөрмеге барлығы 120 фотосурет қойылған. Олар мұнай-газ өнеркәсібі, табиғат қорғау, Атырау өлкесі мен журналистикасының тарихы секілді бірнеше тақырыпқа топтастырылған. Фотожурналистиканың дамуына үлес қосқан Қайрат Мұстафин, Сайлау Пернебаев, Жүсіпбек Пайызов, Сиез Бәсiбеков, Дендербай Егiзов секілді аға буынның құнды мұралары да бүгінгі көрмеден орын тапты.

Осындай салтанатты кешке жиналған адам саны да аз болмады. Олардың қатарында Ерлан Сәкембайұлының тәлімгерлерімен бірге арнайы шақырылған қонақтар да болды. Осы көрме үшін арнайы келген «Фотожурналистика» оқулығының авторы Асылхан Әбдірайымұлы мен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің жеке фототілшісі, 20 шақты фото және кітап-альбомдардың авторы, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының лауреаты Шүкірәлі Өмірұлы барша ұжымға шығармашылық жетістіктер, фотокөрме жұмысына сәттілік тіледі.

Кеш барысында «Атырау-Ақпарат» ЖШС басшысы Жасын Біркенов кеш қонақтарын алғыс хатпен марапаттап сыйлықтарын ұсынды.

Көрменің ашылу салтанатында Атырау облыстық Мәслихатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Қайрат Қонысұлы, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Сақтайұлы Өтешев құттықтау сөз сөйлеп Ерлан Сәкембайұлына Хиуаз Доспанова атындағы медальді табыстады.

Мерекелі шараға жиналғандар фотосуреттермен қатар Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармония өнерпаздарының да өнерін тамашалады.