Cпорттық ойындардың жеңімпаздары анықталды
17–23 мамыр күндері «Атырау» спорт кешенінде бокстан Қазақстан Республикасының 5-інші жастар спорттық ойындары өтті. Атырау облысы командасы 2 күміс және 5 қола жүлдеге ие болды.
Ұлдар арасында 64 келіде Бітімов Бекзат және қыздар арасында 69 келіде Ищанова Ақнұр күміс медаль еншіледі. Ал ойындардың қола жүлдесіне ұлдар арасында 46 келіде Рүстем Айдар мен 81 келіде Приданов Данил және қыздар арасында 48 келіде Мұхиденова Алфия, 51 келіде Бағыт Дилназ және 54 келіде Тлепқалиева Жасмина ие болды.
Жалпы, сайысқа еліміздің барлық өңірінен 370-тен астам былғары қолғап шеберлері қатысты. Үздік шыққан спортшыларды сайыстың арнайы қонақтары, Олимпиада ойындарының чемпиондары Бақтияр Артаев пен Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сапиев марапаттады.
Айта кету керек, 2017 жылғы ойындарда Атыраулық боксшылар 1 күміс және 1 қола медальды қанағат тұтқан болатын.