Діни кітаптарды заңсыз саудалаған
Атыраулық полицейлер тиісті рұқсат құжатынсыз діни мазмұндағы әдебиеттер мен заттарды сатқаны үшін жергілікті тұрғындарды жауапкершілікке тартты.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, полицейлер интернеттегі сайттардың бірінде діни әдебиеттер мен заттарды сату туралы хабарландыру берген 21 жастағы қала тұрғынын ұстаған.
Діни әдебиетті және діни мазмұндағы езге де материалдарды заңсыз таратқаны үшін ер адамға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 490-бабының 1-бөлігі (Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу) бойынша әкімшілік хаттамасы толтырылып, процессуалдық шешім қабылдау үшін жинақталған іс-құжат Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды.
Сондай-ақ, Атырау қаласында 27 жастағы ер азамат өзінің әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына діни мазмұндағы әдеби аудиодәрістерді жүктеп таратқан. Аталған азаматқа қатысты материал сотта қаралып, соттың шешімімен 102 095 теңге көлемінде айыппұл салынды.
– Атырау облысы Полиция департаментінің қызметкерлері діни сипаттағы әдебиеттерді тарату және сату үшін тиісті рұқсат қажеттілігі туралы ескертеді.
Биыл Атырау облысының полицейлері діни қызмет туралы заңнаманы бұзудың 20 фактісін анықтады, оның ішінде экстремистік материалдарды сақтау, тіркелмеген діни бірлестікті құру және оған басшылық ету, діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды заңсыз тарату фактілері бар, – деді Атырау облысы полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.