Карантин талаптары сақталмай тұр
Атырауда үш күнде 20-ға жуық кәсіпкерлік нысан карантин талабын бұзған. Бұл туралы облыстық ПД-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Бұдан бұрын өңірде мейрамханалар мен дәмханалардың жұмыс уақыты 20:00-ге дейін қысқарған еді.
Алайда, кейбір кәсіпкерлік нысандардың иелері бұл талапты сақтамай отыр. Мұндай дерек Атырау қалалық Полиция басқармасы мен қалалық әкімдік қызметкерлерінен құралған мониторингілік топтың жүргізген рейдтік іс-шарасында анықталған.
– Мәселен, 29 қаңтар күні кешкі сағат 21:40-та Б. Құлманов көшесінде орналасқан «Chechil Pub» бары, ал сағат 22:45 шамасында Азаттық көшесінде «Vivaldi», сағат 23:30-да Қарымсақов көшесіндегі «Urban» мейрамханасы жұмыс істеп тұрғаны белгілі болды. Аталған мейрамханалардың әрқайсысының ішінде шамамен 30-ға жуық адам болған.
Карантиндік шектеу талабын «Эльдорадо» мейрамханасы мен «Керуен» тойханасы да бұзған. Соңғысында 20-ға жуық адамның қатысумен туған күн кеші өткен. Сондай-ақ, «Морокко» мейрамханасында 50-ден астам адамға қызмет көрсетілген, – деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ал 30 қаңтарда «Рыба моей мечты» караоке-клубы, «Лото» ойын-сауық клубы, «Тофу», «Родем», «Аспандияр» мейрамханалары шектеулі уақыттан кейін жұмыс істегені белгілі болды. Бұған дейін «Рыба моей мечты» клубы мен «Тофу» мейрамханасы карантин режимін бірнеше рет бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған еді.
Карантиндік шектеу талабының бұзылғаны 31 қаңтар күні де анықталды. Жексенбі күні «Маша и Медведь», «Кәусар», «Сұлтан Холл» мейрамханаларында 40–50 адамға дейін қатысқан туған күн кештері тойланған. Жұмыскер кентінде орналасқан «Керемет» моншасы да келушілерге қызмет көрсеткен. Сондай-ақ, «ПерсонА», «Белучи» киім дүкендері шектеуге қарамастан жұмыс істеген.
Карантин талаптарын бұзумен байланысты анықталған деректерге қатысты жинақталған іс-құжаттар Атырау қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды.