Облыс әкімінің орынбасары тағайындалды
Бүгін Қайрат Нұрлыбаев Атырау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов кандидатурасы Президент Әкімшілігімен келісілген жаңа орынбасарын жергілікті активке таныстырып, жұмысына табыс тіледі.
Қайрат Есқабылұлы Нұрлыбаев 1973 жылы 2 мамырда Атырау облысы Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын «инженер-механик», Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетін «экономист» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1995 жылы Ақтөбе облысы Қобда аудандық мәслихатында аға референт ретінде бастаған.
Қайрат Нұрлыбаев 2019 жылдың маусым айынан бері Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымында жұмыс істеп келді.
Ал 4 жыл облыс әкімінің орынбасары болған Әлібек Нәутиев жақында Атырау облыстық мәслихатының хатшысы болып сайландв.
– Қайрат Есқабылұлын білікті басшы, жұмыс тәжірибесі мол азамат ретінде осы лауазымға лайықты деп есептеймін және оған үлкен сенім артамын. Ал Әлібек Ибатоллаұлына Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін зор алғысымды білдіремін, – деді Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов.