Биыл 205 кәсіпорын халал сертификатына ие болды
ҚМДБ жанындағы «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау орталығы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК мекемесімен екіжақты ынтымақтастық орнатып, ортақ келісім аясында қызмет етіп келеді. Келісім-шартқа сәйкес, зертханалық базада өнім құрамын молекулалық-генетикалық тұрғыдан тексеру жұмыстары жолға қойылды.
ҚМДБ баспасөз қызметінің мәліметінше, орталық осы уақытқа дейін 500-ге жуық кәсіпорынға стандарттау және сертификаттау жұмыстарын жүргізіп, кәсіпорын иелеріне арнайы куәлік табыстады.
Ал биыл «ҚМДБ халал» таңбасын алған кәсіпорын саны 205-ке жетті. Сонымен қатар, 300-ге жуық қасапшы біліктілікті арттыру курсынан өтіп, арнайы куәлікке ие болды.
Айта кетсек, осы жылы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Халал Даму» мекемесі жанынан «Оқу орталығы» ашылды. Орталықтың негізгі мақсаты – халал сертификатын алған мекеме қызметкерлерінің біліктілігін арттыру.
Халыққа халал өнімдер туралы жан-жақты ақпарат беру мақсатында www.halaldamu.kz сайтының жаңартылған заманауи үлгісі және мобильді қосымшасы іске қосылды.