Мұз ойылып, трактор каналға түсіп кетті
Атырауда жүк тиегіш көлік тереңдігі 2 метрлік каналға түсіп кетті.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға Еркінқала ауылдық округінің маңындағы «Рыбоход» каналында болған.
Департаменттің диспетчер пультіне сағат 11:20-да «Рыбоход» каналына трактордың батып кеткені туралы хабар түсіпті.
49 жастағы азамат жүк тиегіш көлігімен каналдың арғы бетіне өтпек болған. Алайда мұз ойылып, көлік каналға батып кеткен.
Оқиға орнына жедел жеткен жедел-құтқару жасағының құтқарушылары аталған каналдың тереңдігі – 2 метр, мұздың қалыңдығы – 30 см. болатынын анықтады. Ал көліктің батып кеткен жері жағадан шамамен 45 метр қашықтықта екен.
Құтқарушылар канал мұзын ойып, сүңгуірлер су астындағы көлікке арқанды бекіткен.
Содан кейін «ДТ-75» тракторының көмегімен каналға түскен көлікті жағаға сүйреп шығарып, иесіне табыстады.