7 мұнай-газ учаскесі 61 млрд. теңгеге сатылды
Қазақстанда алғаш рет 7 бірдей мұнай-газ учаскесі аукционға қойылып, 61 млрд. теңгеге сатылды. Бұл туралы inbusiness.kz сайты хабарлады.
Онлайн форматта жүргізілген сауданың ұзақтығы 9 сағатқа созылды. Ашық аукционды кез-келген азамат бақылай алғанымен, сатып алу процесіне тек 1-қыркүйекке дейін мемлекеттік мүлік тізімі E-QAZYNA.KZ реестріне тіркелген инвесторлар ғана қатыстырылған.
Бұған дейін Энергетика министрлігі электронды саудаға 10 учаске қоюды жоспарлаған. Алайда саудаға 7-уі ғана шығарылды. Олар Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облысында орналасқан Сағыз, Қарабау, Балқұдық, Қошалақ, Забурунье, Беғайдар және Сарайшық.
Енді учаскені ұтып алғандар кен орнында барлаумен қатар игеру жұмыстарын да жүргізуге толық құқылы. Қазақстанның интерактивтік картасында жалпы 82 ұсақ мұнай-газ учаскесі тіркелген.