Қызылқоғада 85 адамға грант тағайындалды⠀

Бұл туралы Қызылқоға ауданының әкімі Нұрсұлтан Бисембиев Атырау облыстық коммуникациялар алаңында өткен онлайн брифингте айтты.⠀
100 адамға кәсіп ашу мақсатында несие берілсе, жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 85 азаматқа грант тағайындалған.
Аудан әкімі «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасының» үшінші бағыты бойынша 2 097 адам жұмысқа орналасқанын да мәлімдеді.
Оның ішінде 49-ы әлеуметтік жұмыс орнына орналастырылса, 126 жас жастар тәжірбиесіне жолданған. Ал ақылы қоғамдық жұмыс орындарына 1 038 адам жіберіліп, бос жұмыс орындарына 884 қызылқоғалық тартылған.
Айта кетсек, Қызылқоға ауданында аталған бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 92 адам кәсіптік оқуға жіберіліп, оның ішінде 32 адам жұмысқа орналасты.
Ал екінші бағыты бойынша 80 адам «Бастау-бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерінен оқудан өтті.