Коронавируспен күресу үшін Қазақстан екі банктен қарыз алмақ
Қазақстан коронавируспен күресу үшін Азия Даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 1,57 млрд. еуро қарыз алады. Бұл туралы Qazaqstan.tv хабарлады.
Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары қаралды.
– Президент Жарлығына сәйкес 908 млн. 596 мың еуро сомасындағы Қазақстан Республикасы мен Азия Даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімге қол қойылды. Бұл COVID-19 пандемиясының салдарына қарсы күрес және экономиканы қалпына келтіру бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің шараларын қолдауға мүмкіндік береді. Өтеу мерзіміне қатысты қарыз екі бөлікке бөлінген. 454 млн. 298 мың еуро сомасындағы қарыздың бір бөлігі, яғни жартысы 3 жылдық жеңілдік кезеңді қоса алғанда, 10 жыл мерзімге беріледі. Ал қалған 454 млн. 298 мың еуро сомасындағы екінші жартысы 3 жылдық жеңілдік кезеңді қоса алғанда, 5 жыл мерзімге беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі ‒ Еурибор+0,50%, – деді Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Сонымен қатар, Қазақстан Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 661,8 млн. еуро қарыз алмақшы.
Қарыз 3 жылдық жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, 10 жыл өтеу мерзімімен беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі ‒ Еурибор+0,50%.
Министрдің айтуынша, келісімде белгiленген қаржылық шарттарға сәйкес қарызға қызмет көрсету және оны өтеу республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.