Бір аптада 251 мал ұрлығы анықталған
Өткен аптада Қазақстанда 251 мал ұрлығы анықталып, 229 адам ұсталды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
– Сенбі күні еліміз бойынша өткізілген «Мал ұрлығы» жедел алдын алу шарасы аяқталды. 6 күн ішінде 251 мал ұрлығы анықталып, 229 адам ұсталды. Мал базарлары, мал соятын орындар және сауда орындары бойынша арнайы рейд өткізілді. 5 500 шаруа қожалығы мен мал бағу нүктелері тексерілді, – деді ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз министрлікте өткен онлайн брифингте.
Сонымен бірге, 6 мыңға жуық автокөлік тексеріліп, ветеринария саласында 510 құқық бұзушылық анықталды. Онда мал және ет өнімдерін тасымалдау мен сатуға қажетті құжаттар болмаған.