Екінші толқынға 2 080 төсек-орын дайындалады
Атырау облысында коронавирус инфекциясы қайта өршіген жағдай үшін 2 080 инфекциялық төсек-орынды дайындау мүмкіндігі бар.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің мәліметінше, оның ішінде 120 реанимациялық кереует болады. Сондай-ақ, қазір Атырауда модульдік типтегі 200 орындық жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы аяқталған. Енді аталған аурухананы медициналық құрылғылармен жабдықтау жүріп жатыр.
Облыста ПТР-тестілеуді 3 мемлекеттік, 6 жекеменшік зертхана жүргізуде. Коронавирус инфекциясы басталғалы бері 320 419 ПТР-тест алынған. Соңғы аптада ПТР зерттеудің орташа тәуліктік көрсеткіші 3152-ге жетті. Модульдік ауруханаға тағы бір ПТР-тест аппаратын қою жоспарлануда.
Жылыой ауданында салынып жатқан инфекциялық модульдік аурухана жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен бірге, аймақтағы емдеу мекемелерінде қажетті дәрі-дәрмектердің үш айлық қоры жасақталған.
Облыстың медициналық ұйымдары 3 МРТ, 11 компьютерлік томография, 81 УЗИ, 256 жасанды тыныс алу, 27 рентген аппараттарымен, сондай-ақ, 977 оттегі генераторы мен 1 341 пульсоксиметрмен қамтамасыз етілген.