Облыс әкімі іс-сапармен Сағыз ауылына барды
Өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов Қызылқоға ауданына жұмыс сапары аясында Сағыз ауылындағы ауылішілік жол құрылысының барысын тексеріп, дәрігерлік амбулатория мен Қызылқоға аграрлы–техникалық колледжін аралады. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.
Алдымен, 50 келушіге арналған жанұялық амбулоторияға табан тіреген облыс әкімі мұндағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Құрылысы 2019 жылы басталған нысан осы жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мұндағы жөндеу жұмыстарына барлығы – 45 жұмысшы тартылған. Оның 22-сі ауыл тұрғыны. Жоба шеңберінде аталған нысанды медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету де қарастырылған.⠀
Мұнан соң, облыс әкімі ауылшаруашылық мамандарын дайындайтын 60 жылдық тарихы бар Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжін аралап көрді. Қазіргі уақытта колледжде 6 мамандық бойынша 118 студент оқып жатыр. Олардың білім алуына толық жағдай жасалған. Мұнда 50 орындық жатақхана, 150 орындық асхана, кітапхана және спортзал бар. Кабинеттер студенттердің бос уақытын тиімді пайдалануға ыңғайластырылған. Бүгінде білім ордасының №2 ғимараты мен тұрмыстық қызмет көрсету кешеніне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс осы жылдың маусым айынан басталған. Оған барлығы 89 адам жұмылдырылған болса, оның ішінде 45 адам жергілікті ауыл тұрғындары. Аяқталу мерзімі – 2020 жылдың қазан айы.
Сағыз ауылының кірме және ауылішілік автокөлік жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары да әкімнің назарынан тыс қалмады. Мұндағы жөндеу жұмыстары өткен жылы басталған. Құрылыс жұмыстарына «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл тұрғындары тартылған. Тиісті жұмыстар жыл соңында аяқталады деп күтілуде.