Атырауда «Білімді әйел – ілімді ұрпақ» атты облыстық әйелдер форумы өтті
Облыстық Дін істері басқармасының қолдауымен, «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен «Білімді әйел – ілімді ұрпақ» атты әйелдер форумы өтті, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, форумның мақсаты — облыс тұрғындары арасында отбасының рөлін күшейту, отбасылық құндылықтарды нығайту, сондай-ақ әйел адамның қоғамның, ұлттың дамуында атқаратын рөлін дәріптеу, ұлттық болмысымызды насихаттау.
Іс-шара басында облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы сөз сөйлеп, пікірін білдірді.
– Жалпы әйел жүрген жерде романтика қатар жүреді. Әйел деген философияның астында жүректі жібіту деген үлкен ұғым жатыр. Себебі дүниеге қыз баласы келген сәттен бастап тас жүректерді жібітетін үлкен бір құбылыс пайда болады. Қызы бар үйде жұмсақтық, нәзіктік, сонымен қатар әрқашан мейірім болады. Сондықтан мұндай ұғымдардың барлығын өмірімізге алып келетін нәзік жандылардың басын қосу мақсатында осындай облыстық деңгейдегі форум өтіп жатыр, – деді Н.Жеңісбекұлы.
Форумға отбасы психологы Мөлдір Тоқжанова, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің философия кафедрасының оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Айгүл Тұрсынбаева және «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам университетінің PhD, қауымдастырылған профессоры, «Исламдағы жанұя», «Әбу Ханифа және Ханафи мәзһабы» кітаптарының авторы Шамшат Әділбаева қатысты. Бұл тізім қатарында тренер, отбасылық коуч, ментор, «Ел ертеңі-жас ұрпақ» жобасының авторы, Түркістан облысының ата-аналар қауымдастығының төрайымы Ақбаян Төлбасықызы мен «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам университеті PhD, қауымдастырылған профессоры, психолог, «Talim.tv» арнасындағы бағдарламалардың авторы Әлия Төлегенова да болды.
Отбасы психологы Мөлдір Тоқжанова «Ана болу өнері» тақырыбы аясында бала тәрбиесі, сондай-ақ отбасындағы ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынас туралы сөз етті.
– Мен өзімнің тәжірибемде әскери адамдардың балаларының қатал тәрбиеде болатындығын байқадым. Яғни, өздеріңіз білесіздер әскери адамдар қатал болады, арнайы бір тәртіппен жүріп-тұрғанды қалайды. Өйткені олардың жұмысы сол нәрсені талап етеді. Дәл сол секілді үйге барған кезде кейбір ата-ана бейсаналы түрде өзінің баласына сол жұмыстағы іс-әрекетті, мінезді көрсетеді. Алайда балаға ата-ананың мамандығының ешқандай маңызы жоқ. Сондықтан әр ата-ана үйге кірген кезде жұмыстағы образын сол жерде қалдырып, ата-ана ретінде баласына жылулық пен мейірім бере білуі қажет, – деді ол.
Бұдан бөлек «Қазақ қызы болмысы мен бейнесі», «Парасатты әйел — кемел ұлттың кепілі», «Ұлт ұрпағы тәрбиесінің алтын қазығы — білімді әйел» және «Қазіргі заманғы әйел адамның орны мен отбасы психологиясы» тақырыптарында ақпараттар берілді.