Жылыой ауданында 300 отбасы жаңа үйлерге көшіп жатыр
Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов Жылыой ауданына жұмыс сапары барысында аудан орталығы саналатын Құлсары қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған жаңа үйлерден пәтер алған тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Серік Шапкенов аудан орталығындағы жаңа тұрғынүй алабына барып, үйлердің сапасымен танысты. Инфрақұрылым – ойын алаңдары, жаяу жүргіншілер жолы, аулаішілік асфальтталған жол және көлік тұрағы толығымен дайын.
– Бұл тұрғын үй кешені құрылысының сапасы мен мерзіміне қатысты сұрақтардың көп болуына байланысты жағдаймен жеке танысуды жөн көрдім. Жылыой ауданына жұмыс сапарымның бірінде тұрғындар құрылыстың ұзақ уақытқа созылғанына наразылық білдірген болатын, содан кейін құрылысты тезірек аяқтау үшін тиісті шаралар қолға алынды. Ал бүгін көптен күткен қоныс тойының куәсі болдық. Шаңырақтарыңыз жылылық мен жайлылыққа толып, берекелі болсын. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! – деді Серік Шапкенов.
Тұрғын үй алабын аралаған С.Шапкенов аудан әкімі Жұмабек Қаражановқа пәтер иелері кооперативін құруды және тұрғындарға құқықтық көмек көрсетіп, бейнебақылау камераларының санын көбейтуді тапсырды.
Жаңа тұрғынүйлер Құлсары қаласындағы «Атырау» ықшамауданында орналасқан. Мұнда кезекте тұрған көпбалалы отбасылар және халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтар пәтер алды. Олардың қатарында көпбалалы ана Құралай Қоразова да бар. Үш бөлмелі жаңа пәтердің кілтін алған ол кезегін бес жыл күткенін айтты.
– Мен мұндай үлкен, жарық үш бөлмелі пәтерде тұрып көрген емеспін. Он жылдан бері үй жалдап жүрдік. Бес жыл кезекте тұрдым, қазір, міне, өз пәтерім бар. Мұнда барлық қажет жағдай жасалған. Осы игі іске себепкер болған азаматтарға алғысымыз шексіз, жергілікті атқарушы органдарға көрсеткен көмегі үшін алғыс айтамыз, – деп қуанышымен бөлісті Құралай Қоразова.
Айта кету керек, тұрғынүй кешенінің жалпы ауданы – шамамен 6,5 мың шаршы метр. Әр үйде бес кіреберіс және 100 пәтер – бір бөлмелі 25 пәтер, екі бөлмелі 50 пәтер және үш бөлмелі 25 пәтер бар.
Екі, үш бөлмелі пәтерлер 225 көпбалалы отбасыға, бір бөлмелі пәтерлер – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 15 балаға берілді. Сондай-ақ, жаңа үйлерден I және II топтағы мүгедектер (13 пәтер), мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар (13 пәтер), зейнеткерлер (13 пәтер), созылмалы аурулары бар азаматтар (13 пәтер), толық емес отбасылар (13 пәтер), әлемнің ыстық нүктелеріндегі жауынгерлік іс-қимылдардың үш ардагері тұрғын үй алды.