Облыстық балалар ауруханасында «Ботулинотерапия» тақырыбында шеберлік сағаты өтті
Атырау облыстық балалар ауруханасында өткен «Ботулинотерапия» тақырыбындағы шеберлік сағатын Астана медицина университетінің оңалту кафедрасының доценті, невропатолог, реабилитолог, медицина ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Тайтубаева жүргізді, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Іс-шараға аудандар мен қалалық емханалар және балалар ауруханасының 25 маманы қатысты.
– Неврологиядағы ботулиндік токсиндік терапия көптеген неврологиялық жағдайларды тиімді емдеудің бірден-бір жолы болып табылады. Ол әртүрлі ауруларды, соның ішінде неврологиялық ауруларды емдеу үшін медицинада кеңінен қолданылады. Бұл туралы облыстың дәрігерлеріне толық ақпарат бере алдым деп ойлаймын. Алдағы уақытта осы әдіспен емдеу тиімді екенін айтқым келеді, – деді Г.Тайтубаева.
Айта кетейік, жалпы ботулиндік токсин терапиясы жүйке импульстарын блоктау және бұлшықеттерді босаңсыту қабілетіне байланысты ең тиімді емдеу әдістерінің бірі. Яғни, сал ауруы мен инсультпен ауыратын балаларды емдеуде ең тиімді әдіс. Қазақстанда ботулинотерапия 23 жылдан бері сәтті қолданылып келеді.